Тоқаев Бішкекке барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысу үшін Бішкек қаласына барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысын Манас әуежайынан Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы - Қырғызстан президенті әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров қарсы алды.

Ақорданың баспасөз қызметі

Айта кетейік, бұған дейін қырғызстандық БАҚ-та Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкектегі Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммитіне қатысатыны туралы ақпарат тарады. Кейінірек Президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәли бұл ақпаратты растады.

"Париждегі бағдарлама аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы 6 қарашада Бішкекте өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға барады", - деді Берік Уәли бұған дейін.

Саммиттің негізгі тақырыбы "Түркі әлемін нығайту: экономикалық интеграция, орнықты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік" болмақ.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға Франциядан ұшып барды. Өйткені бұған дейін Тоқаев президент Эмманюэль Макронның шақыруымен 4-5 қараша күндері Франция Республикасына мемлекеттік сапармен барды. 

Президенттің Парижге сапарында мәдени ынтымақтастыққа, іскерлік келіссөздерге және маңызды оқиғаларға баса назар аударылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!