Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше қытайлық компания төрағасын қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы China National Petroleum Corporation компаниясының басқарма төрағасын Дай Хоулянды қабылдады.
"Кездесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық және мұнай мен газды тасымалдау, қайта өңдеу мәселелері талқыланды. Президентке CNPC компаниясының Қазақстан тарапымен өзара іс-әрекеттерді нығайту жөніндегі жоспары туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыру, Қазақстан-Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндіктерін күшейту және басқа да мәселелер қарастырылып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев CNPC компаниясы Қазақстанның энергетика саласындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесі екенін атап өтті", - делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев State Power Investment Corporation компаниясының басқарма төрағасы Цянь Чжиминьді қабылдады.
Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Қытайдың ірі энергетикалық компанияларының қатарына кіретін State Power Investment Corporation Қазақстанның жасыл энергетика саласындағы жобаларына белсенді түрде инвестиция құяды.
Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Жамбыл облысында қуаты 1 гигаватт болатын ауқымды жел электр станциясын салу жөніндегі бастамасын қолдады. Президентке State Power Investment Corporation компаниясының Қазақстанда жел электр станцияларына арналған құрал-жабдық өндірісін іске қосу ниеті туралы мәлімет берілді. Өз кезегінде Цянь Чжиминь әлеуметтік жауапкершілік аясында оның компаниясы Қазақстанның оңтүстігінде қуаты 200 ГКаллға дейін жететін жылу станциясын салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар, кездесуде State Power Investment Corporation компаниясының технологиялық және ғылыми-зерттеу тәжірибесі мол екені ескеріліп, "жасыл" сутегі өндірісі саласындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.
Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсинді қабылдады.
Мемлекет басшысына бүгін CITIC компаниясы энергетика және мұнай химиясы өнеркәсібі салаларындағы жобаларды бірлесіп іске асыру үшін қазақстандық әріптестерімен бес коммерциялық құжатқа қол қойғаны туралы мәлімет берілді. Келісімдердің жалпы көлемі 1,6 миллиард доллардан асады.
Қасым-Жомарт Тоқаев CITIC Group компаниясы Қазақстанның сенімді инвестициялық серіктесі екенін атап өтіп, кәсіпорынға табыс тіледі.
Мемлекет басшысы China Nonferrous Metal Mining компаниясының бас директоры Чжан Цзиньцзюньді қабылдады.
Әңгімелесу барысында тау-кен металлургиясы және шикізатты терең өңдеу салаларындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа қытайлық компанияның KAZ Minerals кәсіпорнымен бірлесіп, Қазақстанда мыс балқыту зауытын салу жөніндегі жобаны жүзеге асыру жоспары туралы мәлімет берілді.
Мемлекет басшысы осындай ірі жобаларды іске асыру - елдеріміз арасындағы табысты серіктестіктің нәтижесі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюньді қабылдады.
Әңгімелесу барысында Азия инфррақұрылымдық инвестициялар банкінің Қазақстандағы қызметін дамытуға қатысты алдағы жоспары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев банкпен арадағы ынтымақтастыққа жоғары баға беріп, 2015 жылы еліміз Қытайдың осы банкті құру жөніндегі бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдағанын айтты. Осы уақыт аралығында АИИБ Қазақстанда жасыл энергетика саласы мен пандемия салдарымен күреске қатысты жобаларды жүзеге асыруға атсалысты.
Кездесуде Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Мемлекет басшысы Huawei Technologies компаниясының басқарма төрағасы Лян Хуаны қабылдады.
Кездесу барысында Президентке телекоммуникация саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірінің Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға қатысты алдағы жоспары таныстырылды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Huawei мен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының теміржол желісін цифрландыру және жаңа технологияларды пайдалану жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру жоспары туралы мәлімет берілді.
Лян Хуа Huawei компаниясы кең жолақты қолжетімді интернетті дамытуға және Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретінде қалыптасуына қатысты зерттеулерді қаржыландырғанын айтты.
Мемлекет басшысы Huawei ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академиясының базасында IT-технология саласы бойынша білікті қазақстандық мамандарды даярлау жөніндегі жобаны жүзеге асыруды құптады.
Мемлекет басшысы Sun Seven Stars Investment Group компаниясының басқарма төрағасы У Чжэнді қабылдады.
Кездесу барысында қаржы, цифрландыру және онлайн-сауда салаларындағы инвестициялық ынтымақтастық, сондай-ақ, "Астана" халықаралық қаржы орталығымен өзара іс-әрекет мәселелері талқыланды.
Sun Seven Stars Investment Group инвестициялық тобы - Қытайдағы ең ірі жеке медиа және инвестициялық конгломераттардың бірі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!