- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев бірқатар нысанды...
Тоқаев бірқатар нысанды аралады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында бірқатар нысанды аралады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент "Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы" ЖШС-іне барып, шығыс өңіріндегі элиталық тұқым шаруашылығының қызметімен танысты.
Президентке көпжылдық практикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде сұрыпталған күнбағыстың жаңа будандары, сондай-ақ, соя мен бидай сорттары таныстырылды. Кәсіпорын дайындайтын тұқымдар отандық шаруалардың арасында жоғары сұранысқа ие әрі Ресей Федерациясының 7 өлкесіне экспортталады.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде майлы дақылдардың егістік алаңын көбейтудің перспективасы жөнінде сұрады. Мекеме басшысы Фарид Әбітаевтың айтуынша, кейінгі кезде майлы дақылдарды егу көлемі жыл сайын 12-15 пайызға артып келеді, сәйкесінше, нарықтағы сұраныс та жоғары. Бұған қоса, мол жем-шөп қоры мен селекциялық жұмысты сауатты жүргізудің арқасында агроөнеркәсіп кешені сүт өнімдері бағытындағы жетекші мал шаруашылығының қатарына кірді.
Бүгінде серіктестіктің тауарлы сүт фермаларында 3 мыңға жуық ірі қара бар. Олардың көбі - голштейн-фриз тұқымына жататын сиырлар. Фермада тәулігіне 40 тонна сүт өндіріліп, еліміздегі төрт сүт өңдеу зауытына жөнелтіледі.
Мемлекет басшысы кәсіпорынның ауыл шаруашылығы ғылымындағы табысын оң бағалап, мұндай тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне тарату қажет екенін айтты.
Одан бөлек Президентке Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетімен бірлесіп ашылған оқу кабинеті таныстырылды.
Мұнда жұмысшылар өндірістен қол үзбей, агроменеджменттің қыр-cырын меңгереді. Кәсіпорын өсімдіктерді қорғайтын заттар өндіру ісі бойынша үздіктердің бірі саналатын швейцариялық Syngenta компаниясымен және ауыл шаруашылығы техникасын шығарушы америкалық John Deere компаниясымен де осындай ынтымақтастықты жолға қойып жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова