Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тәуелсіздік сарайында сегіз елдің төтенше және өкілетті елшісінің Мемлекет басшысына сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.
Сенім грамоталарын Мысыр Араб Республикасының елшісі Самех Шехата, Швейцария Конфедерациясының елшісі Кристина Хонеггер-Золотухин, Эстония Республикасының елшісі Марье Лууп, Оман Сұлтандығының елшісі Салах Джабуб, Мажарстан елшісі Ференц Цомбош, Гвинея-Бисау Республикасының елшісі Браима Эмбало, Нигерия Федеративтік Республикасының елшісі Джозеф Олусола Иджи мен Дания Корольдігінің елшісі Ларс Туесен табыстады.
Президент елшілерге ілтипат білдіріп, еліміз сыртқы саясатта бейбіт бағыт ұстанатынын жеткізді.
"Бүгін - елдеріңіздің өкілі ретінде сіздер үшін де, Қазақстан Республикасы үшін де өте маңызды күн. Осы орайда барлығымыз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет екеніне сенімдімін. Өйткені Қазақстан - бейбітсүйгіш ел. Біз теңгерімді және сындарлы сыртқы саясат ұстанамыз. Ел ішінде реформа жүргізуге қолайлы жағдай жасауға ұмтыламыз. Сыртқы істер министрлігінің, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, Президент резиденциясының cіздер үшін әрдайым есігі ашық. Өйткені қазіргі тұрақсыз әрі құбылмалы әлемде бірге болуға тиіспіз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз