Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақордада Қазақстан Президентіне сегіз мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.
Сенім грамоталарын Норвегия Корольдігінің елшісі Хелена Санд Андресен, Аргентина Республикасының елшісі Энрике Игнасио Феррер Виейра, Гана Республикасының елшісі Кома Стим Джеху Аппьях, Мали Республикасының елшісі Сейду Камиссоко, Гамбия Республикасының елшісі Алкали Фанка Конте, Бангладеш Халық Республикасының елшісі Мұхаммед Назрул Ислам, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының елшісі Шобини Гунасекера, Босния және Герцеговина елшісі Иван Орлич тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттарға Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси даму перспективасы жөнінде әңгімеледі.
"Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан - аймақтағы тұрақты әрі экономикасы қарқынды ел. Дегенмен қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсімей, экономикалық реформаларды дәйекті түрде жалғастырып келеміз. 15 наурызда елімізде жаңа Конституция бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. Мемлекетті одан әрі өркендету жолындағы бұл маңызды құжатты халқымыз қолдайды деп ойлаймыз. Жаңа Конституция Қазақстанда қолға алынған іргелі өзгерістерге берік негіз қалап, демократияландыру мен жан-жақты жаңғырту ісіне қомақты үлес қосады, сол арқылы елімізді дамытуда тың мүмкіндіктерге жол ашып, халықтың әл-ауқатын арттырады деген үміттеміз", – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан бейбіт сыртқы саясат жүргізетінін атап өтті. Президенттің айтуынша, әлемдегі барлық кикілжің мен қақтығыс дипломатиялық құралдар арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Шығанақ елдеріне әрдайым тілектес екенін және шиеленіс тезірек шешілуіне үміт артатынын жеткізді. Кездесу соңында Президент шет мемлекеттер елшілерінің жауапты қызметіне табыс тіледі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!