Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстан Үкіметтерінің басшыларымен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкіметтерінің басшыларына ілтипат көрсетіп, қазақ жерінде тұңғыш рет өткізіліп жатқан халықаралық "Иннопром. Қазақстан" өнеркәсіп көрмесіне қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдірді.
"Сіздердің арнайы келгендеріңіз көрменің мәртебесін арттырғаны сөзсіз және тығыз сауда-экономикалық қатынастарымызды тағы бір рет дәлелдеді. Бүгінде аталған іс-шара тұрақты іскерлік алаңға айналып келеді. Бұл - қуанышты жайт. Көрме аясында әлеуетті серіктестер мен инвесторлар елдеріміздің индустриялық секторының жетістіктерімен жақынырақ танысады, сондай-ақ, өзара тиімді жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа да салаларында бірлескен кәсіпорындар мен ірі жобалар саны артып келеді. Бұл Одаққа мүше елдердің сыртқы сауда көлемінің үздіксіз ұлғайып, биылғы бірінші жартыжылдықта 13 пайызға жеткенінен байқалады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!