Мемлекет басшысы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қанат Бозымбаев Үкіметтің су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мәлімет берді.
- бүгінде 64 мыңнан аса адам өз үйіне оралған;
- эвакуациялық пункттерде тұрғындарға қажет көмек көрсетіліп жатыр;
- табиғи апат кезінде жалпы 11998 тұрғын үйді, 5359 саяжай құрылысын су басқан; зардап шеккен өңірлерде 16715 үй тексерістен өткен. Оның ішінде 15464 нысанды бағалау жұмыстары аяқталған. Бағалау нәтижесі бойынша 9903 үйді жөндеуге болады, ал 6875 үй қалпына келтіруге жарамсыз деп танылған.
Жарамсыз үйлердің орнына нарықтан 4525 үй мен пәтер сатып алу, сондай-ақ, типтік жобамен 2350 үй салу жоспарланып отыр:
- бүгінде нарықтан 1814 пәтер мен үй сатып алу үшін келісімшарттар жасалған;
- зардап шеккен аймақтардағы 841 отбасы бұрынғы бұзылған үйлерінің орнына жаңа баспанаға қоныстанған;
- қазір 4521 отбасы үйлерін жөндеу және қалпына келтіру мақсатында 57,4 миллиард теңге көлемінде өтемақы алған.
Жалпы тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 237 миллиард теңге қажет екені айтылды. Бозымбаев бірреттік төлемдерді төлеу үшін Үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады:
- 2024 жылғы 6 маусымдағы жағдай бойынша 31642 отбасы 100 АЕК мөлшерінде бірреттік төлемақы алған (барлығы 32440 отбасыдан өтініш түсті). Оған жұмсалған қаржы сомасы 11 миллиард теңгеден асқан;
- бұл бағыттағы жұмыстар Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Абай, Ұлытау облыстарында толық аяқталған. Ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстарында төлем беру жалғасып жатыр;
- бүлінген дүние-мүлікке жүргізілген бағалау ісі аяқталғаннан кейін зардап шеккен тұрғындарға ең қажет заттар сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қосымша өтемақы төленеді (5489 отбасы 4 миллиард теңге көлемінде өтемақы алған);
- зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстары басталған.
Қазір өңірлік комиссиялар шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы сомасы шамамен 377 миллион теңге болатын 34 өтінімін мақұлдаған.
Мемлекет басшысы зардап шеккен тұрғын үйлерді бағалау, техникалық тексеру жүргізу ісін жеделдетуді, сондай-ақ, оларды салу мерзімі мен құрылыс сапасын бақылауға алуды тапсырды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!