- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев БҚО-да бірнеше...
Тоқаев БҚО-да бірнеше жерді аралады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысында бірнеше жерді аралады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы" акционерлік қоғамына барып, зауыт жұмысымен танысты.
Зауыт басшысы кәсіпорынның мұнай мен газ, күрделі металл конструкцияларын өндіруге, өңдеуге, тасымалдауға арналған жоғары технологиялық жабдықтар шығарумен айналысатынын баяндады. Компания - General Electric компаниясының газ турбинасы бойынша стратегиялық серіктесі. Зауыт аумағында Baker Hughes General Electric Company сертификаттаған және BHGE мамандарының ұсыныстарына сәйкес заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, зауыт ауыл шаруашылығының қажеттілігі үшін Fregat себелеп суаратын машиналар өндірісін дамыту жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Кәсіпорын жұмысымен танысқан Мемлекет басшысы жаңа жобаларды жүзеге асырудың маңызын айтты. Оның пікірінше, өндіріс орны мұнай-газ және энергетика салаларына арналған жоғары технологиялық жабдықтар шығарады. Сондықтан бұл салаларда отандық машина жасау өнімдерінің үлесін арттыру маңызды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі ең үлкен "Атамекен" мәдениет сарайына барды. Өнер ордасы 920 адамға арналған. Президент мұнда өңірдің тарихи-шығармашылық мұраларына арналған көрмені тамашалады.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы мәдениет сарайының мәжіліс залында аймаққа еңбегі сіңген азаматтармен кездесті. Олардың арасында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген сала мамандары мен оқыс оқиғалар кезінде белсенділік танытып, азаматтық үлгі көрсеткен тұлғалар да бар.
Президент өңір белсенділерімен пікір алмасты. Ол бүгін аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып жүргенін айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан еліміздің дамуы үшін маңызды аймақ екенін айтты.
"Облыстың әлеуеті зор. Елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осындай кезеңде біз үшін ең құнды нәрсе - бейбітшілік. Осы жолда бәріміз бір ел болып еңбек етсек, ешқандай кедергі болмайды. Бірлігіміз бекем болса, тосқауылдың бәрін еңсереміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кездесуге қатысқан ғалымдарға, жастарға, еңбек адамдарына қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар, Президенттік жастар кадрлық резерві әлеуметтік лифт ретінде жұмыс істей бастағанын атап өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова