Тоқаев биыл 23 рет шетелге шығып, жалпы 160 мың шақырымнан аса жол жүрген

Биыл Мемлекет басшысының сыртқы және ішкі саясат бағытындағы қызметі өте қауырт әрі жемісті өткен. Бұл туралы Президенттің көмекшісі - баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл еліміздің 9 өңіріне жұмыс сапарымен барып, 50-ден аса өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени нысанды аралап көрген.

Ақорданың баспасөз қызметі

Сондай-ақ, Президент 16 облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің есебін тыңдаған.

Бір жыл ішінде Мемлекет басшысы 23 рет шетелге шыққан. Оның ішінде Ресейге және Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды. ҚХР, Иордания, Түркия, Қырғызстан және Жапония секілді елдерге 5 ресми сапар ұйымдастырылды. Ресей (екі рет), АҚШ (екі рет), Түрікменстан (екі рет), БАӘ, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстан сияқты мемлекеттерге 16 мәрте жұмыс сапарымен барды.

Шетелдік сапарларда сауда-экономика, көлік-логистика және инвестиция ықпалдастығын нығайтуға айрықша мән берілген.

"Халықаралық кездесулер кезінде жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалды. Президент шет мемлекеттердің үкімет басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықаралық құрылымдар жетекшілерімен, іскерлік топ өкілдерімен және сарапшылармен 186 кездесу өткізді", - деп жазылған хабарламада.

Қазақстан халықаралық диалогтың белсенді алаңына айналған. 2025 жылы шет мемлекеттердің басшылары Қазақстанға 30 рет cапармен келді. Олардың арасында ҚХР, Италия (екі рет), Грузия, Өзбекстан, Словения, Вьетнам, БАӘ, Руанда, Солтүстік Македония, Болгария, Словакия, Иордания, Конго Демократиялық Республикасы, Мьянма, Мажарстан, Әзербайжан, Финляндия, Эстония, Армения, Түрікменстан, Швейцария және Иран елдерінің мемлекет және үкімет басшылары бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзге де президенттермен 43 мәрте телефон арқылы сөйлескен. Бұдан бөлек, 4 ресми рәсім барысында 30 мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

Бір жыл ішінде Президент өңірлерге және шет мемлекеттерге жасаған сапары барысында 168 960 шақырым жол жүрген. 252 сағат уақытын ұшақта өткізді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!