- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Бишімбаевтың ісін...
Тоқаев Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды
Президент құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен, бас прокурор Берік Асыловпен, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ, басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесіп, консультациялар өткізді.
Мемлекет басшысы заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге баса мән берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.
Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты заң мен тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету деректерінің батыл түрде жолын кесу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Президент кездесулер мен консультациялар барысында қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдары мен сот инстанциялары қызметкерлеріне айрықша жауапкершілік жүктелетінін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды. Кейін ол қамауға алынды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова