- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұлттық киім
Тоқаев: Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлікті дәстүрлі мәдениет арқылы нығайтудың маңыщына, Наурыз мерекесінің ерекше рөліне тоқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқаратынын айтты. Әсіресе, төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек.
"Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы "Ұлттық киім күні" қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек", - деді Президент.
Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың IV отырысы биыл Бурабайда өтті. Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган.
Бұған дейін Ұлттық құрылтайдың үш отырысы өтті:
- І Ұлттық құрылтай 2022 жылы Ұлытау облысында өтті.
- ІІ Ұлттық құрылтай 2023 жылы Түркістан қаласында өтті.
- ІІІ Ұлттық құрылтай 2024 жылы Атырауда өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан