- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Berlin Global...
Тоқаев Berlin Global Dialogue форумында сөз сөйледі
Президент "Көшбасшылар диалогы" сессиясында Қазақстанның жаһандық экономикалық процестердегі рөлі туралы өз көзқарасын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы аталған форумның дер кезінде ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
"Ондаған жылдар бойғы жаһандану мен интеграция үдерісінен кейін әлем қазір бетбұрыс кезеңінде тұр. Қақтығыстар, геосаяси шиеленістер, нарықтардағы келеңсіздіктер және сауда саласындағы даулар әлемдік саяси және экономикалық тұрақтылыққа сызат түсіруде", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, жаһандық экономикалық өзекті проблемаларды шешуге ықпал ететін жаңа әмбебап құндылықтар қажет. Әйтпесе, адамзат дүниежүзілік сауданың бұрын-соңды болмаған бөлшектенуіне тап болады. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызға құлдырауына әкеп соқтыруы мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басым бөлігін еліміздің халықаралық экономикалық байланыстарды тұрақтандыру ісіндегі рөліне арнады.
"Еуразиядағы екінші ірі мұнай қорына ие Қазақстан әлемдік нарықтарға энергетикалық ресурстардың ірі жеткізушісі саналады. Біздің мұнай экспортының 70 пайызы Еуропа Одағына шығарылатынын ескере отырып, экспорттық әлеуетімізді кеңейтуге және жаһандық энергетикалық дағдарысты жеңілдетуге үлес қосуға дайынбыз", - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті форум қатысушыларына ұлттық экономиканы дамытудың перспективалары туралы мәлімет берді.
"Былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға жуық өсті. Біздің ЖІӨ-нің едәуір бөлігі әлі де энергетика секторына тиесілі болғанымен, экономиканы әртараптандыруға күш саламыз. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау салаларындағы өсімді қамтамасыз ете отырып, Қазақстан бизнес жасауға ерекше қолайлы орта қалыптастыру арқылы шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырып отыр", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент форумға қатысушылардың назарын Қазақстанмен экономикалық серіктестік орнатуға жол ашатын перспективаларға аударды. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдары немесе "Орта дәліз" аймақтағы сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт қазіргі қолданыстағы теңіз жолдарымен тасымалданатын тауарлардың транзиттік уақытын екі есе қысқартады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның аймақта бірінші болып Париж келісімін ратификациялағанын және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдағанын айтты. Бұл салада да ірі халықаралық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
"Германия мен Швецияның бірлескен Svevind компаниясы жылына 2 миллион тонна "жасыл" сутегін өндіруге бағытталған Қазақстандағы жобасына 50 миллиард доллар инвестиция салып отыр. Бұдан бөлек, шикізат пен руданы жергілікті жерде өңдеп, содан кейін Еуропа Одағына мүше елдерге экспорттауға дайын кәсіпорындар үшін инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашылады. Арзан энергия, мемлекеттің қолдауы және бәсекеге қабілетті еңбек құны бұл ұсыныстың тиімділігін арттыра түседі", - деді Президент.
Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның, шын мәнінде, жаһандық және сенімді сауда-экономикалық серіктеске айналғанына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында баршаға ортақ өркендеген әрі инклюзивті болашақ құру үшін күш жұмылдырудың маңызды екенін атап өтті.
"Былтыр менің бастамаммен бірінші Астана халықаралық форумын өткіздік. Бұл бірегей әрі инклюзивті алаң геосаяси тұрғыдан жікке бөлініп жатқан жағдайда жаһандық ынтымақтастық пен диалогты ілгерілету үшін құрылды. Berlin Global Dialogue және Астана халықаралық форумы – Еуропа мен Еуразиядағы халықаралық диалог үшін маңызды алаңдар. Олар өздерінің жаһандық проблемаларды шешуге бағытталған күш-жігерін жандандыра алады деп үміттенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан