Қазақстан Президенті бельгиялықтар королімен және патшайымымен бірге Ұлттық музейге барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген король Филипп және патшайым Матильдамен бірге Ұлттық музейді аралады.

Мәртебелі меймандар музей кешенінің сәулет ерекшеліктерін және Ұлы даланың мәдени-тарихи мұрасын паш ететін экспозициялар кеңістігін тамашалады.

Әсіресе, бірегей археологиялық қазбалар, ежелгі зергерлік өнер үлгілері, соның ішінде Есік қорғанынан табылған "Алтын адам" мен Берел, Талды-2, Тақсай, Шілікті обаларынан шыққан алтын бұйымдар қойылған Алтын залына ерекше назар аударылды.


Этнография залында қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, тұрмысымен, материалдық және рухани мәдениетімен танысты.

Сондай-ақ, бельгиялық суретші Джеймс Энсор шығармаларының көрмесі ұсынылды. Бельгиялықтар королі мен патшайымы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова