Тоқаев “Бәйтерек“ төрағасына бірқатар тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президентке холдингтің биыл атқарған қызметінің қорытындылары, сондай-ақ ұйымды трансформациялау және экономикалық дамудың стратегиялық басымдықтарын іске асыру аясында жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндалды.

Рустам Қарағойшин:

  • биыл холдинг ел экономикасына жалпы сомасы 9 триллион теңге қолдау көрсеткенін айтты.

Қаражат бизнеске жәрдем беруге, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, тұрғын үй құрылысы мен ипотекалық несиелерге бағытталған.

  • осы жылы республика бойынша 25 мыңға жуық жоба қаржыландырылғаны жөнінде ақпарат берді.
  • "Даму" қоры базасында құрылған кепілдік қорларының қызмет нәтижелерін таныстырды.

Бұл қорлар шағын және орта бизнес жобаларын, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылым салаларындағы ірі инвестициялық бастамаларға көмек көрсетеді.

  • инвестициялық холдингтің жұмыс моделі туралы мәлімдеді.

Бұл "Инвестицияға тапсырыс" қалыптастыру, ірі стратегиялық жобаларды сүйемелдеу, сондай-ақ тікелей шетелдік инвестицияларды тарту тетіктерін дамытуды қарастырады.

Қазір жалпы құны 87 триллион теңгеге жуық, 1,5 мың инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

  • инвестициялар тарту және экономиканың нақты секторын қаржыландыру аясын кеңейтудің маңызын атап өтті;
  • "Бәйтерек" холдингіне басым инвестициялық жобаларды одан әрі іске асыруды және экономикаға ұзақ мерзімді капитал тартуды қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!