Тоқаев “Бәйтерек“ холдингінің басқарма төрағасын қабылдады

Тоқаев “Бәйтерек“ холдингінің басқарма төрағасын қабылдады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысына бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы және холдингті дамытудың негізгі бағыттары баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа инвестициялық және кредиттік портфель 14,3 триллион теңгеге жетіп, 16,5 триллион теңгеге дейін артады деп болжанып отырғаны, бұл ретте жыл сайынғы таза пайда көлемі 400 миллиард теңгеден асатыны жөнінде мәлімет берілді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша холдингтің қолдауымен 77,5 мың, соның ішінде кезекте тұрған 11,6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.

Былтыр 77 ірі жоба мен шағын және орта бизнеске арналған 27,4 мың жоба қаржыландырылып, экспортқа тауар шығаратын 131 кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Ауылшаруашылық тауарларын өндіретін 7,2 мың агроқұрылым көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 11,4 мың техниканы лизингке алды.

Басқарма төрағасы жүргізіліп жатқан трансформация мен "Бәйтерек" холдингінің жаңа ұзақ мерзімді даму стратегиясы жайында айтты. Жоба активтерді тиімді басқару, әлеуетті бизнеске қолайлы жағдай жасау және халықтың тұрмыс сапасын арттыру шараларына арналған проактивті инвестициялық холдинг моделіне көшуді қарастырады.

Бұдан бөлек, Президентке бірқатар инвестициялық жобаны іске асыру барысы туралы баяндалды. Жыл соңына дейін Инвестициялық кеңестің қарауына импортты алмастыруға, экспорт пен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 26 жобаны енгізу жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету, ұзақ мерзімді инвестиция тарту маңызды екенін атап өтіп, шағын және орта бизнесті қолдау тетігін күшейту жөнінде міндет жүктеді. Сонымен қатар, азаматтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыруға айрықша назар аударды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget