Тоқаев Балаеваға бірқатар тапсырма жүктеді

Тоқаев Балаеваға бірқатар тапсырма жүктеді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәдениет, ақпарат және әлеуметтік саясат салаларында жаңа Конституция ережелерін жүзеге асыру барысы, сондай-ақ, азаматтардың тұрмыс сапасын көтеруді көздейтін мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары баяндалды.

Вице-премьер заңнаманы жаңа Ата заңға сәйкестендіру, мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру, цифрлық кеңістікті ілгерілету, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ, отбасы және жастар саясаты, волонтерлік қызмет пен қоғамдық бақылау салаларында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысына жаңа білім, ғылыми-ағартушылық және шығармашылық нысандарын құру, дәстүрлі өнерді қолдау мен білікті маман даярлау бағыттарында еліміздің мәдени инфрақұрылымын жандандыру жөніндегі ұсыныстар айтылды.

Мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелеріне айрықша назар аударылды. Аида Балаева білім, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, спорт және туризм салаларын өркендету жайында әңгімеледі.

Ведомствоаралық ықпалдастықты күшейтуге, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, адами капиталды дамытуға, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге және әлеуметтік сала инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше мән берілді.

Кездесу соңында Президент мәдениет, ақпарат және әлеуметтік даму салаларындағы мемлекеттік саясатты одан әрі күшейтуге бағытталған бірқатар тапсырма жүктеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget