Тоқаев БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Тоқаев БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады
Фото: pexels.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

"Құрметті журналистер! Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері!
 
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамда құндылықтар жүйесін жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың мән-мағынасы зор. Бұл бағытта еңбекқорлық пен білімпаздықты, адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптейтін масс-медиа өкілдері айрықша рөл атқарады.

Бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық диалог жүргізудің ашық алаңына айналып, мемлекет пен қоғамның өзара байланысын нығайтуға зор үлес қосып жүр. Еліміздің журналистері озық ой мен тың идеялардың таралуына дәнекер болып, азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді көтереді. Сондай-ақ оқиғаларды жан-жақты зерделеп, популизм мен арандатушылыққа тосқауыл болады. Бұл – айрықша маңызды миссия.

Отандық медиа саласы қаламы жүйрік, ойы ұшқыр тілшілер қауымының кәсіби біліктілігі мен күнделікті тынымсыз еңбегінің арқасында дамып келеді. Қазақстан журналистері – өз ісінің хас шеберлері ғана емес, азаматтық ұстанымы берік патриоттар.

Осындай жауапты қызметте әрдайым абырой биігінен көріне беріңіздер! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық табыс тілеймін!", - деді Президент. 

Айта кетейік, бүгін, 28 маусым - бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Айта кетейік, елімізде 1991 жылдың 28 маусымында Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заң қабылданған. Бұл заң ел ішіндегі тілшілер қауымының жұмысына тың серпін беріп, баспасөз саласында мемлекеттік БАҚ-пен қатар, жекеменшік басылымдар пайда бола бастады.

2019 жылы шыққан Мемлекет басшысының №431 Қаулысынан кейін 28 маусым ресми түрде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып бекітілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина