Тоқаев БАӘ жасанды интеллект мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрімен кездесті

Тоқаев БАӘ жасанды интеллект мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрімен кездесті
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы БАӘ жасанды интеллект мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрімен және Абу Даби денсаулық сақтау департаментінің төрағасымен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Digital Bridge 2025 халықаралық форумы алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Омар Әл-Оламамен және Абу Даби денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим әл-Мансуримен кездесті.

Әңгімелесуде Қазақстан мен Әмірліктер арасында жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективасы қарастырылды. Мемлекет басшысы БАӘ жасанды интеллект технологияларын қолдану және дамыту ісінде әлемдік көшбасшы саналатынын айтты.

Сонымен қатар, бірлескен күш-жігердің арқасында ІТ секторында бірқатар маңызды жоба іске асырылғанына тоқталып, әріптестікті одан әрі нығайтуға ниет танытты. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллектіге маманданған әрі ғылыми зерттеу мен әзірлемелерге басымдық беретін университет ашу жоспарын бөлісті. Осы орайда әлемдегі алғашқы ІТ университетті құрған БАӘ тәжірибесін зерделеудің өзекті екенін жеткізді.

Кездесуде Smart City бірлескен жобасына ерекше мән берілді. Бүгінде бұл жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Президенттің айтуынша, бұл жоба екіжақты серіктестікті дамытудың маңызды кезеңіне жол ашады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget