Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінің ашылуында ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, Азия номиналды ЖІӨ және сатып алу қабілетінің паритеті бойынша танылған әлемдік экономикалық көшбасшыға айналды.
"Өңірде айтарлықтай адами және табиғи ресурстар бар. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың 30 триллион долларлық тұтынуының барлық болжамды өсуінің тек бір триллион доллары Батыс экономикаларына түседі деп күтіліп отыр. Алайда Азияның болашағы біздің мәдениеттер, дәстүрлер мен дүниетанымдар арасындағы диалогты нығайтуға ұжымдық дайындығымызға байланысты", - деді Тоқаев.
Тоқаев АӨСШК дамыту үшін жасалған қадамдар осы мақсатқа сәйкес келетініне сенім білдірді.
"Қазақстан АӨСШК-ні одан әрі дамытуға ниетті. Кеңестің бірегей форматы мен географиясын ескере отырып, оның перспективалары мен болашағы зор екеніне сенімдімін. Форум қатысушыларының жұмысына табыс, ортақ ұйымымызды нығайту жолында жаңа жетістіктер тілеймін", - деді Президент саммитте.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!