Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке Жеңіс күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент айтулы күннің Әзербайжанның мемлекеттілік тарихында ерекше мәнге ие екеніне тоқталып, өңір елдерінің мүддесіне сай Оңтүстік Кавказда ұзақмерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының деңгейін жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастық қос халықтың игілігі жолында одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.
8 қарашада Әзербайжанда мемлекеттік мереке – Жеңіс күні атап өтіледі. Бұл мереке 2020 жылы 44 күнге созылған Екінші Қарабақ соғысы аяқталғаннан кейін президент Ильхам Әлиевтің жарлығымен бекітілген.
8 қарашаның таңдалуы соғыс барысындағы маңызды оқиғамен байланысты. 2020 жылы дәл осы күні Әзербайжан Қарулы күштері Шуша қаласын өз бақылауына алды. Шушаның алынуы соғыс барысын өзгерткен шешуші кезең болды. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай әскери қимылдар тоқтап, 10 қарашаға қараған түні атысты тоқтату туралы үшжақты мәлімдемеге қол қойылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!