Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы.
Қазақстанның стратегиялық мақсаты - Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл - нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады.
Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ, өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек", - деді Тоқаев.
Сондай-ақ, ол ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал екенін айтты.
"Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге, өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі.
Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев суды аз қолданатын кәсіпті дамыту туралы айтты.
"Қазіргі ауыл шаруашылығы - жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет.
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.
Сондай-ақ, шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек.
Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар, жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн", - деді Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялатыны хабарланған еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!