Тоқаев “Атлетико Мадрид“ бас директорын қабылдады

Мемлекет басшысы "Атлетико Мадрид" бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринді қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Атлетико Мадрид" футбол клубымен табысты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Мигель Анхель Хиль Мариннің Қазақстанға сапары серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан заманауи футбол инфрақұрылымына, жаттығу базасына және жас ойыншыларды даярлау бағдарламасына белсенді түрде инвестиция құйып жатыр. Сонымен қатар, елдегі футбол клубтарын жекешелендіру үдерісі жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, Президент ФИФА-мен бірге барлық өңірде балаларға арналған 100-ден аса жаңа футбол алаңын салу жұмыстары қолға алынғанына назар аударды.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Испания құрамасы мен испаниялық футбол мектебінің жетістіктеріне айрықша тоқталып, осы озық тәжірибені терең зерделеуге және оны қазақстандық дарынды ойыншылардың жаңа буынын тәрбиелеу ісінде пайдалануға мүдделі екенімізді айтты.

"Атлетико Мадрид" клубының бас директоры елімізде футболды қолдауға ерекше назар аударғаны үшін Президентке ризашылығын жеткізді.

Ол Алматы облысындағы "Атлетико Мадрид" академиясының инфрақұрылымы туралы оң пікір білдіріп, оның келешекте футболға арналған үздік оқу-жаттығу кешендерінің бірі болатынын айтты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз