- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Астана көшелеріндегі...
Тоқаев Астана көшелеріндегі ала-құла жарнамаларды жоюды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада қала келбетін бұзатын жарнама көп екенін айтты. Ол бұл мәселені елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Тағы бір мәселе бар. Қаланың келбетін бұзып тұрған ала-құла жарнамалар өте көп. Оның бәрі талапқа сай болуы керек. Сондай-ақ, қалада орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кетті, яғни үйлердің арасына ғимарат салына беретін болды. Бұл әсіресе, "Мыңжылдық" аллеясында, Сарайшық, Сығанақ, Тұран, Бейсеков көшелерінде қатты байқалады", - деді Мемлекет басшысы.
Президент талапқа сай келмейтін құрылыс нысандарын салуға рұқсат берген шенділер жауапқа тартылатынын айтты.
"Тұрғындарға әлеуметтік нысан, саябақ немесе ойын алаңы салынады деп уәде беріледі. Алайда ол жерде иін тірескен ғимараттар пайда болады. Мысалы, "Олимп палас-2" тұрғын үйінің ауласындағы ойын алаңының орнына зәулім кеңсе салынған.
Мұндай құрылысты біржола доғару керек. Әйтпесе, шешім қабылдаған тиісті лауазым иелері жемқорлыққа байланысты жауапқа тартылады. Себебі осындай шешімдердің астарында құрылыс компанияларының әкімдікте жұмыс істейтін адамдармен бірге азаматтарымыздың ықыласына қарсы қабылдаған әрекеттері жатыр", - деді Президент.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова