Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президентке АХҚО қызметінің 2025 жылғы және 2026 жылғы I тоқсандағы негізгі нәтижелері, сондай-ақ, орталықты одан әрі дамыту жоспары таныстырылды.
Орталық құрылғаннан бастап тартылған инвестиция көлемі 21,5 миллиард долларға жетті (2025 жылдан бері 7,2 миллиард доллар). Орталықтың басқаруындағы активтердің жалпы көлемі - 5,4 миллиард доллар.
Ренат Бектұровтың айтуынша, АХҚО қатысушылары ел бюджетіне 284,3 миллиард теңге салық төлеген (2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша), былтырдың өзінде 135,9 миллиард теңге аударған. Салық түсімдері өсуіне негізінен қатысушылар саны артуы және олардың қызметінің жандануы әсер етті. Мәселен, 2025 жылдан бастап 1800-ден аса жаңа компания тіркелді. Орталық қатысушыларының жалпы саны 5400-ден асты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа АХҚО органдары мен ұйымдары атқарған жұмыс нәтижелері баяндалды. AIX биржасы құрылғаннан бері борыш және үлестік капитал көлемі 12,4 миллиард долларға артты. 2023-2025 жылдардағы сауда-саттық 4 миллиард долларға жетті.
Былтырдан бері АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы 1600-ден аса істі қарады, ал оның жалпы саны 4900-ден асты.
Мемлекет басшысына авиация-қаржы экожүйесін дамыту мақсатында Aviation Finance Hub іске қосылғаны туралы мәлімет берілді. Бұл бастама әуе кемелерін қаржыландыру мен лизингті дамытуға, салалық сараптаманы жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ, АХҚО геологиялық барлаудың бастапқы кезеңдеріндегі жобаларға инвестиция тартуды көздейтін арнайы платформаны іске қосты. Орталық венчурлық қорлар мен студиялар және краудфандинг платформалар ашу арқылы өңірдегі креатив индустрияны қолдауға арналған экожүйені дамытып жатыр.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы орталықты одан әрі ілгерілетуге қатысты бірқатар міндет жүктеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз