Тоқаев: Армиямыз кез келген сәтте сақадай сай тұруға тиіс

Тоқаев: Армиямыз кез келген сәтте сақадай сай тұруға тиіс
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерге, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, сондай-ақ, жоғары мемлекеттік наградалар табыс етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның күштік құрылымдарын баһадүр бабалардың лайықты ізбасары деп атады.

"Қарулы Күштер еліміздің тәуелсіздігін, тыныштығы мен тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр. Құқық қорғау органдары заң мен тәртіпті, арнаулы қызметтер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді. Құтқарушылар ел-жұрттың амандығы үшін аянбай еңбек етіп жүр. Былтыр біз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын алғаш рет дербес орындауға кірістік. Бұл қадам халықаралық қауымдастықтың Қазақстан армиясына сенімі жоғары екенін көрсетеді. Біз – бейбіт мемлекетпіз. Барлық елмен достық қатынас орнаттық. Даулы мәселенің бәрін саяси диалог арқылы шешу керек деп санаймыз. Мен бұл Қазақстанның мызғымас ұстанымы екенін үнемі айтып жүрмін. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Армиямыз кез келген сәтте өз міндетін орындауға сақадай сай тұруға тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, мемлекет Қарулы Күштердің әлеуетін нығайтуға айрықша мән беріп отыр.

"Әскеріміз ең озық қарумен және техникамен жарақтандырылып жатыр. Қорғаныс өнеркәсібі кешені дамып келеді. Жаңа гарнизондар, әскери қалашықтар мен заставалар салынып жатыр. Сарбаздардың әзірлігі мен жауынгерлік машығы әрдайым шыңдалады. Әскеріміздің арнаулы халықаралық жарыстардан жүлдемен оралуы – олардың дайындығы жоғары екеніне дәлел. Әскерилер, арнаулы және құқық қорғау, азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қамтылған. Оларды мемлекет әрқашан қолдайды. Ел қауіпсіздігі мен шекарасын қас қақпай күзету, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету – жауапты әрі қастерлі міндет. Мұны тек кәсіби деңгейі жоғары, ант пен борышқа адал, ел үшін аянып қалмайтын батыл жандар ғана атқара алады. Сондықтан әскерилер, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлері өскелең ұрпақ пен барша халқымыз үшін Отанға адал қызмет етудің үлгісі болуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget