Тоқаев Әлиевке көңіл айтты

Тоқаев Әлиевке көңіл айтты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке Маңғыстау облысында Әзербайжанның әуе жолдары ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері мен жолаушылардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

"Орны толмас ауыр қайғыға ортақтаса отырып, Сізге, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына және барша Әзербайжан халқына көңіл айтамын. Менің тапсырмаммен Қазақстан Үкіметі мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия құтқару операциясы аясында тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына қажетті көмек көрсетеді", - делінген жеделхатта.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақ апатқа ұшырады. Ұшақ Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Бұл ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі. 

Кейінірек Төтенше жағдайлар департаменті оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ өртеніп жатқаны анықталды.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина