Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алып жүргенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының пікірінше, әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету өте маңызды міндет.
"Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.
Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. "Ұлттық қор – балаларға "ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды", - деді Тоқаев Жолдауда.
Мемлекет басшысы Қазақстанда кейбір жағдайы бар отбасылар мемлекеттен көмек алып отырғанын атап өтті.
"Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап "Әлеуметтік әмиян" жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс", - деді Президент.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!