- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақорда
Тоқаев: Әлем Қазақстанға зор сенім артады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанның әлемдегі рөлі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әлем Қазақстанға зор сенім артады, бізді "орта держава" ретінде таниды. Алайда бұл жоғары мәртебе тек сыртқы саясаттағы нақты нәтижелермен ғана емес, экономика, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы жетістіктермен де бекітілуге тиіс. Қазіргі геосаяси жағдай көршілермен (Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен) ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді. Бұл аймақтың және Қазақстанның бәсекеге қабілетін күшейтеді. Үкімет өнеркәсіп, көлік және логистика, ІТ сектор, агроөнеркәсіп кешені және басқа да салалардағы өзара тиімді байланыстар бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек. Бұдан бөлек, Қытай, Ресей, АҚШ, ЕО, Таяу Шығыс, Азия елдерімен және басқа да мемлекеттермен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын айрықша назарда ұстаған дұрыс", - деді Президент.
Бүгін, 28 қаңтарда Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырыс барысында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалды. Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова