12 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты. Отырыста Президент бірнеше мәселе көтерді. Оның ішінде шенеуніктерге ескерту жасады: Тоқаев келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін деп болжады. Президенттің мұндай болжам жасауына не себеп? Оның алдын қалай аламыз? Әлеуметтанушы Мақсат Жақау Massaget.kz тілшісіне түсіндірді.
Ең алдымен Мақсат Жақау Президенттің мұндай болжам жасауына не себеп болуы мүмкін екенін айтты. Әлеуметтанушының сөзінше, сыртқы деңгейдегі қаржылық мәселенің және геосаяси мәселенің ушығуына байланысты, әсіресе Украина мен Ресейдің арасындағы қақтығыстардың келесі жылға созылуы ықтималдығы жоғары. Сондықтан ол тек Қазақстанның гипотезасы емес, бүкіл әлемдік деңгейде еуропалық мемлекеттердің деңгейіндегі мәселе осындай болжамға әкеліп тұр.
"Яғни экономикалық дағдарыс, қымбатшылық әлі де көбейе береді деген сөз. Сондықтан ең алдымен елдің әл-ауқатының төмендеп кетуіне үлкен себепкер ретінде сыртқы ахуалдың ықпал ететінінің көрінісі", - дейді маман.
Екіншіден, дағдарысқа қарсы үкіметтік шаралардың әлсіздігі, осы уақытқа дейін дұрыс жүзеге аспай келуі.
"Мысалы қарапайым инвестициялық ахуалда 284 жобаның тек 15 пайызы яғни 43 жобаның іске асуы үлкен мәселенің бір шетін көрсетеді. Яғни жергілікті, әкімдік, үкімет не министрлік деңгейінде еліміздегі инвестициялық ахуалда шетелдік қаржыны тартып, арнайы жұмыс орындар ашып, жұмыссыздардың санын азайтып, әлеуметтік мәселенің төмендеуіне ықпал ететін көрсеткіштің бірі әлеуметтік күйзелістің көбеюіне алып келеді. Сондықтан әлі де болса инвестициялық ахуалды күшейту тек үкімет емес, әкімдерге де тікелей қатысты екенін көрсетті. Себебі инвестиция тартылуы үшін арнайы жағдай жасалуы керек", - дейді Мақсат Жақау.
Әлеуметтанушы президент ескерткен жайттың алдын қалай алуға болатыны туралы ойын айтты. Оның сөзінше, әкім не депутат ретінде қолынан іс келетін, нағыз маман отыруы қажет.
"Халық сұрай білуі керек. Тек президенттер сұрай бермеуі керек. Халықпен бірге жұмыс істей білетін әкімдерге де, депутаттарға да байланысты. Егер олар теріс қашып, жауапкершіліктен қашатын болса, ондай әкімнің, депутаттың түкке қажеті жоқ. Оны билік те жақсы түсініп отыр. Сол үшін сын-ескертпе ретінде айтып отыр. Президент жергілікті әкімдіктердегі салаларға қатысты осындай болжам жасаған болуы мүмкін", - дейді ол.
Мақсат Жақау тағы бір ескеретін нәрсені айтты: кәсіпкерлікке либералдық көзқарасты қалыптастыру қажет.
"Кәсіпкерлікті шамадан тыс тексеру, оларға деген мүмкіндіктің азаюы, нарықтық бәсекеде кеңістікті тарылту - бәрі жергілікті әкімдікке байланысты. Олар әріптес ретінде жұмыс істеуі қажет. Себебі кәсіпкер - жұмыс орнын ашатын адам. Ал бұл әлеуметтік проблеманың азаюы деген сөз. Сондықтан кәсіпкерлермен етене тығыз, әріптестік деңгейде жұмыс істеу керек", - дейді маман.
Екіншіден, әлеуметтанушының сөзінше, инфрақұрылымды дамыту, денсаулық сақтау, спорт, мектеп мәселесі жоспардағыдай салынып, жүзеге асса проблема азаяды деген сөз. Ал жұмыс орнын көптеп ашу - еңбек миграциясының азаюына себеп болады.
"Астана мен Алматыны аралап, жұмыс іздеп кететін жастар азаяды. Яғни аймақтық деңгейдегі мәселе шешілсе, бұл республикалық деңгейде үлкен мәселенің алдын алу деген сөз. Салаларды қарастырған кезде жергілікті әкімдіктерге күш түсіп отыр. (...) Халықпен жұмыс істеу тәртібі қалыптасуы керек. Шыны керек, бізге бюрократтар керек емес. Бүгінде қолынан іс келетін азаматтар керек. Мейлі ол кәсіпкер болса да әкім болып сайлануы керек. Төменнен жоғарыға қарай өсіп, даму керек. Осы көзқарас президент күні кеше айтып отырған сын-ескертепесіне қатысты", - дейді ол.
Мақсат Жақаудың сөзінше, әлеуметтік жағдайдың дұрысталуына баға мәселесі де әсер етеді.
"Біздегі баға мәселесі халықаралық деңгейдегі стандарттарға сәйкестендіру кезінде көбінде қымбаттап кетеді. Одан бөлек, делдалдық мәселе де дұрыс жолға қойылуы керек. Күзде, жазда пісетін көкөністерді сақтау қоймалары көп болса, алдағы уақытта әр мезгілде бағаның дұрыс орнығуына әсер етеді. Осындай қоймалардың көптеп болуы бағаның тұрақты болуына әсер етеді. Әрине, сыртқы мәселелер де бар. Экспорттық тауардың да қымбат болуы әсер етеді. Әсіресе тұрмыстық заттар шет елден қымбат келіп жатыр. Бұл енді әлемдік деңгейде шешілуі керек. Себебі әрбір тұрғынның ішкі әлеуметтік себетіміз шетелден келетін тұрмыстық химия секілді заттарға жауап бере алмайды. 2-3 есе қымбаттап кеткен", - дейді маман.
Олар елімізде өндірілмегендіктен сыртқы факторға тәуелді. Сондықтан мамандардың жобалық бағыттары күшеюі қажет. Мақсат Жақау әлемдік тәжірибеге де мән беруіміз керегін атап өтті.
"Елімізде қай өндірістік өнеркәсіп күшті дамып отыр? Мақтанып айтатын ешнәрсеміз жоқ. Сондықтан өндірістік өнеркәсіпті дамыту аймақтық деңгейдегі басты ұстанымдағы мәселе. Осыған мән беруіміз керек. Ол көптен бері айтылып келе жатқан мәселе. Әлі де болса шикізат қоры мемлекетінен шығуымыз керек. Өндірістік дамыған, аграрлы мемлекеттік деңгейге көтерілуіміз қажет. Осы бағыт күшейетін болса ішкі экономикамыздың қауіпсіздігі мәселесінің алдын алу деген жолған қойылатын болады", - деп түсіндірді Мақсат Жақау.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!