Тоқаев “Әл-Азһар“ университетінің жоғарғы имамымен әңгімелесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Әл-Азһар" университетінің жоғарғы имамымен әңгімелесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы мұсылман үмбеті үшін білімнің, рухани тәлім-тәрбие мен ізгіліктің шамшырағы саналатын "Әл-Азһар" университетінің абырой-беделіне Қазақстан жұртшылығы зор құрметпен қарайтынын жеткізді.

Президент толеранттылық пен конфессияаралық диалогтың нығаюына зор үлес қосқаны, сондай-ақ ислам дінінің шынайы қағидаттарын дәріптегені үшін Жоғарғы имамға ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі жік-жікке бөлінген заманда осынау құндылықтардың мән-маңызы одан сайын арта түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Ахмед ат-Тайебті келесі жылы Астанада өтетін VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуға шақырды. Әңгімелесу барысында теологиялық білім беру және ғылыми зерттеулер бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз