Айтыскер ақын Жүрсін Ерман емделу үшін шетелге барғанда Президент көп ақша бергенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақын бұл туралы "1001 түн" бағдарламасында сөз қозғады. Оның айтуынша, дәрігерлер аяғын кесу керегін айтқанымен, қыздары басқаша емдеп, жазып алыпты.
"Ауруханада дәрігерлер екі-үш күндік өмірі қалды депті. Одан аяғыңды кесу керек деп те айтты. Мені құртқан - қант. Швейцарияға да бардым. Бірақ ол жақта да дертіме ем табылмады. Қыздарым қарап, шөптермен емдеп, аман алып қалды. Халықтың да қолдауы дем береді", - деді ол.
Ақын шетелге барғанда Тоқаев көп көмектескенін айтты.
"Швейцарияға бару оңай болған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "барып емделіп кел" деп көп ақша берді. Оны өзі айтпайды. Бірақ мен ішімнен білемін. Риза болып тұрмын", - деді Жүрсін Ерман.
Еске салайық, денсаулығына байланысты көрінбей кеткен ақын Жүрсін Ерман жақында республикалық айтыстардың бірінде көзге түскені туралы жазған болатынбыз.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!