Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына өңірдің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп беріліп, биылға арналған жоспары таныстырылған.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, Ақтөбе облысында тұрақты макроэкономикалық жағдай қалыптасқан. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция және тұрғын үй құрылысы салаларындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілген.
Президентке инвестиция тарту жөніндегі шаралар туралы баяндалған. Өткізілген инвестициялық форумдардың нәтижесінде кейінгі үш айда жалпы құны 3 триллион теңгеден асатын 12 меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ, өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту жұмыстары жандана түскен.
Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық жерлерді дамытуға қатысты Президент тапсырмасының орындалуы жөнінде мәлімет берілген. Облыс әкімі өңірдегі 315 елді мекенді кешенді түрде дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Аймақта "Ауыл аманаты" жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаны қаржыландыруға 2022 жылы республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге, биыл қосымша 3,5 миллиард теңге бөлінген.
Сонымен қатар, "Білім All" жобасы аясында 10 мыңға жуық бала оқитын 120 шағын жинақты ауыл мектебінің білім сапасын арттыру шаралары қабылданып жатыр.
Кездесу соңында Президент өңір инфрақұрылымын дамыту және облыс тұрғындарын алаңдататын әлеуметтік мәселелерді шешу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!