Тоқаев Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының қызметімен танысты

Тоқаев Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының қызметімен танысты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының қызметімен танысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Медициналық нысанда жылына 8200 нәресте дүниеге келіп, 13 мыңнан астам адам ем алады. Сонымен қатар "Аңсаған сәби" жобасы аясында жылына 130 ЭКҰ (ЭКО) жасалады. Ал ерте араласу орталығында 200 бала оңалту шараларымен қамтылады.

Президентке орталықта туа біткен сырқаты бар нәрестелерге 50 кардиохирургиялық және офтальмологиялық ота жасалғаны туралы мәлімет берілді. Орталық ашылғанға дейін мұндай диагнозы бар сәбилер Астанада емделген.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мекемеде жыл басынан бері жүзеге асырылып жатқан "Бір күндік клиника" жобасы таныстырылды. Аталған бастама қанмен берілетін ауруларды ерте бастан анықтауға көмектеседі. Осы жоба аясында бүгінге дейін 6 мың әйел медициналық тексеруден өткен.

Мемлекет басшысы мекеме қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың жұмысына табыс тіледі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан