Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтаудағы 13 жастағы егіз бала Қасым мен Жомартқа хат жіберді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тоқаев Қасым мен Жомартқа мемлекетіміз, халқымыз үшін бар күшін салып қызмет ететін үлкен азамат болуын тіледі.
"Еліміздің келешегі - жастар. Сол үшін алғыр, ақылды, зерек, білімді болып өсіңдер. Өйткені бұл зор жауапкершілік. Бүгінгі жасөспірім - ертеңгі ел иесі. Сендер қаншалық білімді, білікті болсаңдар, еліміздің келешегі соншалық кемел болады. Зульфия әжелеріңнің, ата-аналарыңның, елдің үмітін ақтайтындарыңа кәміл сенемін", - деді Президент.
Қасым мен Жомарт Президенттен хат алғанына дән риза.
"Олар хатты қайта-қайта оқып, достарына алған әсері туралы айтты. Президенттің тілегі орындалуына тілектеспіз", - деді егіздің әкесі Ерлан Мәуленов.
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда Қасым мен Жомарт есімді егіз бала тұратыны хабарланған болатын. Олар Президент Тоқаев сияқты мамырда дүниеге келген. Қасым мен Жомарт 2009 жылы Ақтауда дүниеге келген.
Білімге зерек егіз №11 мамандандырылған физика-математикалық лицейдің 8-сыныбында оқиды. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Екеуі де болашақта дипломат болуды армандайды. Қазір сүйікті пәндері - математика және көркем әдебиет. Сабақтан бос уақытында бокс үйірмесіне барады. Оқуға зерек егіздер түрлі білім сайысына қатысып, жүлделі орын алған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!