Тоқаев ақпаратқа қол жеткізу туралы заңға өзгерістер енгізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша заңға өзгерістер енгізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды", - делінген Ақорда таратқан хабарламада.

Айта кетейік, 2024 жылғы желтоқсанда сенаторлар ақпаратқа қол жеткізу және қоғамның қатысуы туралы заңды қарады.

Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу жөніндегі заңда ұсынылған құқықтарын жақсарту және мемлекеттік институттарда ашықтықты арттыру туралы өзгерістердің маңыздылығы туралы айтты. Ол заң азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін жақсарту мен азаматтардың осы сала бойынша құқықтарының сақталуы жөнінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға орай уәкілетті органға жаңа өкілеттіктер беруді көздейтінін жеткізді.

"Заңға енгізілген өзгерістер барлық азаматтың ақпаратқа тең қол жеткізуін қамтамасыз етудегі маңызды қадам болып есептеледі. Заңның негізгі ерекшеліктерінің бірі - мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктеріне назар аудару, бұл әркімнің ақпарат алуға тең мүмкіндіктері бар неғұрлым инклюзивті қоғам құруға мүмкіндік береді. Мұндай өзгерістер құқық қолдану тәжірибесін жақсартуға ғана емес, сонымен бірге азаматтық құқықтарды нығайтуға да ықпал етеді. Ол әсіресе әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуде аса маңызды. Олар физикалық жағдайына қарамастан барлық азаматтың тең құқына кепілдік береді", - деді сенатор.

Заң сонымен қатар мемлекеттік наградалар туралы заңнамаға үміткерлерге қойылатын талаптарды жақсартуды көздейтін түзетулер енгізеді және мемлекеттік наградаларды беру рәсімін нақтылайды. Сонымен бірге "Қазақстан Республикасының тілдері туралы" заңға да жаңалықтар енгізілетіні хабарланды. 

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!