Мемлекет басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президентке азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі жылдық есеп берілді. Артур Ластаев аумақтық өкілдердің толықтай іске кіріскені жайында мәлімет берді.
Былтыр омбудсменнің атына 5 мыңнан аса өтініш түскен. Ол бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есе көп екенін айтты.
Ұлттық превентивті механизмнің жұмысы, заңнаманы жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты, құқық қорғау ұйымдарымен және азаматтық қоғаммен өзара ықпалдастықты жандандыру мәселелері туралы баяндалды:
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Президенттің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қабылданған шаралар туралы айтты. Құқық қорғау институты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы арнайы баяндама әзірлеп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқығын қорғауға кепілдік беру ісін одан әрі күшейту қажет екеніне назар аударды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз