Тоқаев Абу Дабидің орнықты даму апталығының ашылу салтанатына барды

Мемлекет басшысы "Абу Дабидің орнықты даму апталығының" ашылу салтанатына барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Абу Дабидің орнықты даму апталығының" ашылу салтанатына және орнықты даму саласындағы Zayed Sustainability Prize сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысты.

Іс-шараға қатысушылар қатарында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Руанда Президенті Поль Кагама, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Малайзия Премьер-министрі Әнуар Ибрагим, Жаңа Зеландия Премьер-министрі Кристофер Лаксон, Финляндия Премьер-министрі Петтери Орпо, сондай-ақ саясаткерлер, қайта жаңартылатын энергия көздері, технологиялық даму және инновация салаларындағы көшбасшылар, инвесторлар мен кәсіпкерлер бар.

Саммит аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлейді.

"Абу Дабидің орнықты даму апталығы" (ADSW) - орнықты даму және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелеріне арналған жетекші жаһандық алаңдардың бірі. Жиын жасыл технология мен энергияның қайта жаңартылатын көздеріне инвестиция салуды ынталандыруға, БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына жету үшін инновациялық шешімдер іздеуге бағытталған.

Биыл форум "Болашақпен байланыс: Орнықты дамуды жеделдету" (The Nexus of Next. Supercharging Sustainable Progress) тақырыбында өтеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!