- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев V Дүниежүзілік...
Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8-13 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, "Астана арена" стадионын аралап көрді. Мұнда халықаралық спорттық-мәдени іс-шараның ашылу салтанаты өтеді. Отыз мың көрермен еркін сыятын стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңартылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Qazaqstan" жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысы, Көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды. Халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылады
Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев Ұлттық құраманың әзірлігі жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиыны өткен. Сондай-ақ, спортшылар 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан.
Жалпы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Негізгі жарыстар "Астана-арена" стадионы, "Қазанат" ипподромы, "Алау" мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, "Думан" қонақ үй-спорт кешенінде өтеді. Ал жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасақталған.
Халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, Этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде "Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.
Алдын ала болжамға сәйкес, осы күндері елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай 20-дан астам қонақ үйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек