Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев TikTok компаниясының бас директоры Чжоу Шоуцзымен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент елімізде TikTok платформасының танымалдылығы артып келе жатқанын атап өтті. Қазір оған 10 миллионнан аса қазақстандық тіркелген. Бейнеконтент жасауға және қарауға арналған әлемге танымал сервис алғашқылардың бірі болып қосымша интерфейсін қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ, кибербуллингтің алдын алу мәселелері бойынша уәкілін тағайындады.
Өз кезегінде Чжоу Шоуцзы Astana Hub халықаралық технопаркімен бірлесіп, TikTok StartUp Academy жобасын - қазақстандық стартаптарға арналған эксклюзив білім беру бағдарламасын жүзеге асырып жатқаны туралы баяндады. Бұдан бөлек, серіктестік аясында TikTok Startup Valley байқауы өткізілді. Нәтижесінде 200-ден аса стартап өз өнімдерін TikTok арқылы жарнамалау әдістерін үйрету курсынан өтті.
Кездесу барысында креатив индустрия саласындағы ынтымақтастық, жасанды интеллект бойынша зерттеу жүргізу, электронды сауданы дамыту, сондай-ақ, TikTok платформасы арқылы Қазақстанның мәдениеті мен туристік мүмкіндіктерін жаһандық деңгейде насихаттау мәселелері қарастырылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!