Мемлекет басшысы Qarmet металлургиялық комбинатына барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинатын аралап көруден басталды.
Президент №3 домна пешінің жұмысымен танысты. Мұнда жылына 3,8 миллион тонна шойын өндіріледі.
"Qarmet" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен кәсіпорынның бас директоры Вадим Басин өндірісті дамыту үшін атқарылған және жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде баяндады.
Бұл мақсатқа 3,5 миллиард доллардан аса қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек 500 миллион доллар шамасында Көмір департаментіндегі және 978 миллион доллар көлемінде Темір рудасы департаментіндегі жобаларға қосымша инвестиция құю жоспарланған.
Кәсіпорын ғимараттар мен нысандарға ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биылғы жаңғырту бағдарламасына 100-ден астам нысан енген. 50 мың шаршы метр шатыр ауыстырылуда. Сонымен қатар бұған дейін қабылданған "Тазалық" бағдарламасына сәйкес 120 санитариялық-тұрмыстық ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіле бастады.
Мемлекет басшысына сляб пен блюм шығаратын №2 конверторлық цех пен металл әзірлемелерін үздіксіз құю машинасының жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын басшылығы бүгінде мекеменің техникалық жағдайын бабында ұстап тұру, жөндеу жүйесін, сондай-ақ, кристалдандырғыш айналым жүйелері мен барлық машина сегменттерін жетілдіру басты міндет екенін мәлімдеді. Келесі жылы басқару және гидравлика жүйелерін жаңғырту жұмыстары атқарылмақ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!