- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаев Mercedes-Benz Group...
Тоқаев Mercedes-Benz Group компаниясының басқарма төрағасымен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Mercedes-Benz Group компаниясының басқарма төрағасы Ола Каллениуспен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде автокөлік индустриясы және инновациялық шешімдер салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Президент Қазақстанның экономиканы әртараптандыруға және өнеркәсіп өндірісін дамытуға ұмтылатынын атап өтті. Бұл стратегияда машина жасау саласы ерекше орын алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде General Electric, General Motors, Chevrolet, Kia және Hyundai секілді танымал әлемдік компаниялар табысты жұмыс істеп жатқанын айтты. Былтыр Қазақстанда өндірілген автомобиль саны 100 мыңнан асып, 28 пайызға ұлғайған. Экспорт екі есе өсіп, 3,8 миллиард долларға жеткен.
Неміс автоконцернінің басшысы Президентке компанияның жаһандық жеткізу тізбегін дамыту ісіндегі тың тәсілдер және Қазақстан экономикасы үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктер туралы мәлімет берді.
Mercedes-Benz Group - әлемдегі автокөлік өндіретін жетекші компаниялардың бірі. 2022 жылы компания 2,5 миллионға жуық автомобиль құрастырып шығарған.
Былтыр Mercedes-Benz Group әлемдегі ең ірі компаниялардың Forbes Global 2000 тізімінде 41-орынға, ал Fortune Global 500 тізімінде 38-орынға ие болған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек