Мемлекет басшысы Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлингті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда үстел теннисі дамуына қолдау көрсеткені үшін Петра Сёрлингке алғыс айтып, еліміз халықаралық федерациямен ынтымақтастықты ілгерілетуге айрықша мән беретінін жеткізді.
Қазақстан Президенті ел жастарының үстел теннисіне қызығушылығы арта түскенін айтты. Қазір 260 мыңнан аса адам осы спорт түрімен жүйелі түрде шұғылданады. Мемлекет спорт резервін даярлау және жарыстар өткізу үшін арнайы инфрақұрылымды дамыту ісін қолға алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылы Астанада үстел теннисінен өтетін әлем чемпионатын ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін Петра Сёрлингке ризашылығын білдірді. Бұл Орталық Азияда осы спорт түрі бойынша өтетін алғашқы біріншілік болмақ.
Әңгімелесу барысында алдағы әлем чемпионатының тарихи маңызына мән берілді. Бұл жарыс үстел теннисі Қазақстанда ғана емес, бүкіл аймақта да қанат жаюына айтарлықтай жол ашады.
ITTF жетекшісі Петра Сёрлинг үстел теннисіне жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты, сондай-ақ, федерацияның осы спортты одан әрі насихаттау жоспарын бөлісті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз