Тоқаев FIDE президентін қабылдады

Тоқаев FIDE президентін қабылдады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Тимур Турловты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Турловты Халықаралық шахмат федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады. Президенттің айтуынша, бұл Қазақстан мен отандық шахмат мектебінің әлемдік аренадағы абыройы артып келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекет басшысы еліміз үшін шахматтың орны ерекше екеніне тоқталды. Шахмат - спорттың бір түрі болуымен қатар, өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытудың маңызды тетігі.

Кейінгі жылдары қазақстандық шахмат мектебі қарқынды дамып келе жатыр. Елімізде спорттың осы түрімен 278 мыңнан аса адам жүйелі түрде айналысады. Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль иеленген әйелдер құрамасының жарқын жетістігін айрықша атап өтті.

Бұдан бөлек, Президент Қазақстан шахмат федерациясының алдында тұрған басым міндеттерді атады. Мемлекет басшысы құрама команданың әзірлігін күшейту, жас таланттарды анықтау мен даярлаудың тиімді жүйесін құру, білім беру саласында шахматты ілгерілету және өңірлерде шахмат инфрақұрылымын дамыту қажет екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыру, бірлескен білім беру жобаларын іске асыру, сондай-ақ, Қазақстанда шахматтан ірі халықаралық жарыстар өткізу үшін ұлттық федерация мен FIDE арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызына баса мән берді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Турловтың жауапты қызметіне табыс тіледі.

FIDE басшысы шахматты дамытуға ден қойып, оған қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, шахматты әлемде кеңінен насихаттау, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және ұлттық шахмат федерацияларының қатысуымен жаңа жобаларды іске асыру жөнінде мәлімет берді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget