Мемлекет басшысы Қазақстанның Халықаралық сирек түрлерді қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі қор құру туралы бастамасына тоқталып, шетелдік серіктестерді осы іске үн қосуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Президент COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде айтты.
"Он жылға арналған бұл бастаманы Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ұлттық бағдарлама толықтыра түседі. Құжат табиғи мекендеу орталарын қалпына келтіруді, түрлерді қорғауды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейтуді көздейді. Бұдан бөлек, Ұлттық генетикалық биоалуантүрлілік банкін құруға кірістік. Қазақстан аймақ деңгейіндегі табиғатты сақтау шараларына белсене қатысады. Биыл сәуірде Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтті. Жиын қорытындысы бойынша Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы қабылданды. Теңіз маңындағы бес мемлекеттің қолдауымен Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтауға бағытталған халықаралық бағдарлама қабылдау туралы бастама көтерді", – деді Президент.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ істің бірнеше бағытын айқындады. Мемлекет басшысы су ресурстарын басқаруда берік байланыс қажет деп санайды.
"Былтыр Қазақстан БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Бұл бастама Орталық Азия елдеріне ортақ әрі оған мүдделес мемлекеттердің барлығы үн қоса алады. Мақсатымыз – су қауіпсіздігін нығайтып, өзен-көлдер мен сулы-батпақты алқаптардың жай-күйіне тәуелді табиғи экожүйелерді қорғау", – деді Тоқаев.
Қазақстан Президенті биоалуантүрлілікті сақтау үшін озық технологияларды кеңінен қолдануға шақырды.
"Бүгінде тиімді серіктестік цифрлық технология мен жасанды интеллектіге арқа сүйеуі қажет. Себебі олар экожүйелерді мониторингтеу, табиғи ресурстарды басқару және экологиялық қауіп-қатерді болжау әдістерін түбегейлі өзгерте алады. Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформация – ұлттық басымдық. Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, биоалуантүрлілік деректерін талдау, алдын ала ескерту жүйелерін әзірлеу, сала мамандарын даярлау платформасы ретінде пайдалануды ұсынамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция Хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда орналастыруды ұсынды. Президенттің пікірінше, бұл кеңсе Орталық Азия елдеріне биоалуантүрлілік жөніндегі Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдарламасын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, ғылыми тәжірибе алмасуға және табиғатты қорғау жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал ете алады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз