Бүгін, 17 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 70 жасқа толды. Tengrinews.kz архив суреттерді жинап, Мемлекет басшысының өмірбаяны туралы шолу жасап өтті.
Тоқаев туған күнін тойламайтындықтан, елде мерекелік іс-шаралар жоспарланбайды. Ол бүгін Қытайға мемлекеттік сапармен барады және Сиань қаласында өтетін "Қытай-Орталық Азия" саммитіне қатысады.
"Бұл - Президенттің ұстанымы. Мемлекет басшысы 17 мамырды әдеттегідей өткізеді. Қазақстанда немесе Қытайға сапары аясында туған күнді тойлау шаралары болмайды", - деді оның баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматыда дүниеге келген.
Әкесі - Кемел Тоқаев (1923-1986), Ұлы Отан соғысына қатысқан, белгілі жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив-шытырман оқиғалы жанрдың негізін салушы. Анасы - Тұрар Шабарбаева (1931-2000) - Алматы шет тілдері педагогикалық институтында жұмыс істеген.
1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітіріп, Қытайдағы КСРО елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан өтті.
1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігіне қызметке кірді. Сингапурдағы кеңес елшілігіне жұмысқа жіберілді. 1979 жылы КСРО СІМ аппаратына қайта оралды. 1984-1985 жылдары КСРО Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеді, кейін Қытай Халық Республикасындағы елшілік қызметке жіберіліп, 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы, кеңесші қызметтерін атқарды.
1992 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын бітірген.
1992 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. 1993 жылы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды. 1994 жылы Қазақстанның сыртқы істер министрі болып тағайындалды.
1999 жылғы наурызда Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары болды. 1999 жылы қазанда Парламенттің келісімімен президент жарлығымен Премьер-министр болып тағайындалды. 2002 жылғы қаңтарда Мемлекеттік хатшы - сыртқы істер министрі болды. 2003-2007 жылдары сыртқы істер министрі болды. Осы лауазымда ол ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық үдеріске белсенді атсалысты.
2007 жылғы қаңтарда Парламент Сенатының төрағасы болып сайланды. 2008 жылы Қазақстан Парламентінің жоғарғы палатасының спикері ретінде ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының вице-президенті болып сайланды.
2011 жылғы наурызда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры, сондай-ақ, БҰҰ бас хатшысының қарусыздану жөніндегі конференциядағы жеке өкілі болып тағайындалды.
Ол, сонымен қатар, қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы қызметін атқарды. ТМД және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болып сайланды.
2013 жылғы 16 қазанда Парламент Сенатының төрағасы болып қайта сайланды.
2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ант қабылдады.
2019 жылы 9 маусымда өткен кезектен тыс президентті сайлауда 70,96 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетіп, Қазақстан Президенті болып сайланды. 2019 жылғы 12 маусымда Конституцияның 42-бабына сәйкес ант қабылдап, ресми түрде сайланған Президент ретінде Мемлекет басшысының лауазымына кірісті.
2022 жылғы 20 қарашада ол кезектен тыс президентті сайлауда 81,31 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. 2022 жылғы 26 қарашада Қазақстан президентінің ұлықтау рәсімі өтті.
2021 жылғы сәуірден Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы. 2022 жылғы қаңтардан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Төтенше және Өкілетті елші. Саяси ғылымдардың докторы.
Дүниежүзілік гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары академиясының белсенді мүшесі.
Мюнхен қауіпсіздік конференциясының "Даналар кеңесінің" мүшесі. Шэньчжэнь университетінің және Ресей Федерациясы сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясының құрметті профессоры.
Қазақстандық халықаралық қатынастар кеңесінің құрметті президенті. Женева дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің құрметті деканы.
Орыс биографиялық қоғамының мәліметі бойынша ол "Жыл адамы - 2018" лауреаттарының тізіміне енді.
13 жыл бойы Қазақстанның үстел теннисі федерациясын басқарды.
Халықаралық қатынастар мәселелері бойынша 10 кітаптың авторы.
Салауатты өмір салтын қолдаушы. Көркем, саяси және мемуарлық әдебиеттерді оқығанды ұнатады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!