Мемлекет басшысы "Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету" атты тақырыпта дәріс оқыды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев 46-шы Сингапур лекциясын оқыды. Президент жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі орта державалардың атқаратын рөлі туралы ой-пікірін бөлісті.
1980-жылдардан бері Юсоф Исхак институты (ISEAS) ұйымдастырып келе жатқан Сингапур лекциялары – академиялық топтар, саясаткерлер, дипломаттар мен жас ғалымдар үшін мемлекеттер басшылары мен әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткерлердің ұстанымдарын тікелей тыңдауға мүмкіндік беретін алаң.
Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, өзінің өмір жолында Сингапурдың айрықша мәні бар екенін атап өтті.
"Мен көп жыл бұрын осы елде жас дипломат ретінде қызмет еттім. Осынау асқақ рухты мемлекеттің тамаша табыс жолынан жаңылмай келе жатқанын өз көзіммен көру үшін Сингапурға тағы да келгеніме қуаныштымын. Елдің негізін қалаушы Ли Куан Юдің көреген көшбасшылығымен жүргізілген Сингапурдағы әйгілі экономикалық өзгерістер, шын мәнінде, мемлекеттің іргесін нығайтудың және экономикалық өсімге қол жеткізудің жарқын үлгісіне айналды. Сіздердің еліңіз Қазақстанды даму мен өркендеу бағытында өзіндік жол таңдауға жігерлендіреді. Расында, Сингапурда өткізген жылдарымда табандылық пен жаңашылдықты үйрендім. Бұл қасиеттер қазіргідей құбылмалы әлемде Қазақстанның келешегі туралы пайымымның қалыптасуына әсер етті", – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздегі қоғамдық-саяси өзгерістер жөнінде айта келіп, "Әділетті Қазақстан" және Премьер-министр Лоуренс Вонг ұсынған "Алға, Сингапур" бағдарламаларының мақсаттары мен қағидаттары ұқсас екеніне назар аударды
"Қос құжат та халықтың қамын бірінші орынға қояды және елдің игілігін әрбір азамат сезінуге тиіс деген қағидатты ұстанады. Ауқымды ұлттық трансформация – оңай үдеріс емес. Бірақ қанша қиын болса да, біз бұл стратегиялық бағытымыздан айнымаймыз. Былтыр экономикалық өсім 5,1 пайызға артты. Біз ЖІӨ мөлшерін 2029 жылға қарай екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Осы асқақ мақсатқа жету үшін біз білім мен инновацияға негізделген заманауи экономиканың іргесін қалап, жыл сайын 6 пайыз өсімді қамтамасыз етуге тиіспіз. Біз Сингапур сияқты бизнес, қаржы, дарындылар мен инновация шоғырланатын сенімді орталыққа айналуға ұмтыламыз", – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвестициялық саясат және экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты.
Оның пікірінше, географиялық алшақтыққа, жер көлемі мен тарихындағы айырмашылықтарға қарамастан, Қазақстан мен Сингапурдың көптеген құндылықтары ортақ әрі ұқсас сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.
"Биыл қаңтар айында Германияның халықаралық қатынастар және қауіпсіздік институты алғаш рет Қазақстанды әлемнің орта державаларының санатына қосты. Сингапурлықтар өздерін кішкентай ел санайтынын жақсы білемін. Алайда, менің ойымша, Сингапурдың қаржылық және экономикалық ықпалы, стратегиялық тұрғыдан аса маңызды халықаралық теңіз жолдарының тоғысында орналасуы, 2024 жылғы Global Firepower есебі бойынша 145 елдің ішінде 30-орынға табан тіреуі бұл мемлекеттің орны әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Бұған қоса, стратегиялық ой-сана мен тиімді дипломатия Сингапурды Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды көпірге айналдырды", – деді Мемлекет басшысы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!