Мәжіліс отырысында спикер Ерлан Қошановтың реакциясы депутаттарды күлдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс отырысында Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Жигули Дайрабаев "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын қабылдауды және оны Парламент Сенатына жіберуді ұсынды. Заң жобасын талқылау барысында алғашқы пікірді депутат Анас Баққожаев білдірді.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев тарихқа шолу жасады.
"Бүгін кішкентай болса да, ауыл шаруашылығы үшін маңызды оқиға болып жатыр. Өз басым аграрлық саланың ауласында 20 жылдан аса жұмыс істегеннен кейін тарихқа қысқаша шолу жасағым келіп отыр. Біріншіден, бұл астық қолхаттары Қазақстанда 22 жыл, сонау 2002 жылы қабылданған жаңа реформаланың бірі болды. Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқы болып осындай қолхаттарды енгізді. ...Сондықтан сіздерді қолдауға шақырамын", - деді депутат.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Баққожаевқа қысқа қайыру керек екенін айтты.
"Өзі де қабылданайын деп тұрған заң ғой. 20 жылдық тарихын айтпай-ақ. Тоқ етерін айту керек қой. 20 жылдық тарихы емес", - деді ол.
Бірқатар депутат Қошановтың жауабынан кейін күлкісін тыя алмады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз