Тоғыз ғасыр тұрған Ақбикеш мұнарасы бір жөндеуден кейін опырылып қалды
Түркістан облысындағы мемлекет қорғауына алынған Ақбикеш мұнарасы қирап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
ХІІ ғасырда тұрғызылған қарауылханаға екі жыл бұрын бюджеттен қаражат бөлініп, қалпына келтіру жұмысы жүргізілген. Алайда қыста істелген жұмыс сапасыз болып, тарихи нысанның қаптамалары қирап қалған.
"Бұл жерге газ жанарғысын әкеп қойып, астына қойып, сөйтіп езінді істеп, лайды жақты. Лай істегенде де, апарып лайды қойып, кесекті қойып қалаймын дегенше, ол қатып қалып жатыр. Мынаның басында суық болып тұр. Қалай болса солай қалаған. Көріп тұрсыздар ғой, ешқандай байланыс жоқ. Енді кешегі бір жауынға опырылып құлап жатыр. Бұл былтыр қыста қаланып біткен, биыл қыстан көктемге шықпай тұр ғой, бір сөзбен айтқанда", - дейді Созақ ауданының тұрғыны Шалқар Назарұлы.
Жаугершілік заманда Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауылхананың реставрациясына Мәдениет министрлігі 30 миллион теңге бөлген. Сөйтіп қайта қалпына келтіру жұмысын қызылордалық "ҚазҚайтаЖаңарту" мекемесі жасаған, бірақ олар өзбекстандық жұмысшыларын жалдап, кейін қалғанын осы ауыл тұрғындарына жасатқан. Осылайша, тоғыз ғасыр тұрған мұнара тоғыз айға жетпей қирап қалған.
Ал мекеме басшылығы "шеттен жұмысшы жалдаған жоқпыз" деп жауап берген, тіпті лай-топырақты шалғайдағы Сауран даласынан тасыпты. Қирап қалған бөлігін биыл өз есебінен бүтіндеп бермекші.
"Климат факторына байланысты ішіндегі судың өтуіне байланысты сол жерде бір жерден шығып кеткен. Оны ертең шешімдердің бәрін, авторымен, жоба авторларымен бәрін анықтап, басына барып зерттейміз. Алдағы уақытта қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Өзіміздің жеке есебімізден. Біз жеке ЖШС емеспіз ғой, қашып кететін", - дейді "ҚазҚайтаЖаңарту" РМК Қызылорда филиалының директоры Нұрболат Мұратбеков.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан