Тоғыз айда хабар-ошарсыз кеткен 17 мыңнан астам адам табылды

2026 жылдың тоғыз айында полиция хабар-ошарсыз кеткен 17 мыңнан астам адамның жүрген жерін анықтады, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

5 қазаннан бастап бүкіл ел аумағында "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері шамамен 249 мың тұрғын үй нысанын, оның ішінде 12,5 мың жалдамалы пәтерді аралап шықты. Тексеру нәтижесінде тіркеусіз тұрудың тоғыз мыңға жуық дерегінің жолы кесілді. 7 189 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрақты тұрғылықты жері жоқ 2 128 адам полиция органдарына жеткізілді.

Жалпы 2026 жылдың тоғыз айында полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 17 мыңнан астам адамның жүрген жерін анықтады. Бұдан бөлек, Қазақстанның құқық қорғау органдарымен іздеуде жүрген 1 031 күдікті ұсталды. Олардың қатарында Астана қаласында ұсталған 67 жастағы ер адам бар. Ол алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде болған. Іс материалдарына сәйкес 2018 жылы Қарағанды қаласында ол коммерциялық ұйымның қоймасынан тауарды сату сылтауымен алып шығып, құны 401 млн теңгеден асатын мүлікті иемденген.

Ал Алматыда 1,3 миллиард теңгеден астам қаржыға алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде жүрген 45 жастағы шетел азаматы қолға түсті. Тергеу мәліметінше, ол 2023 жылы Бішкекте Оңтүстік Кореядан косметикалық өнімдер жеткізіп беремін деген сылтаумен жәбірленушінің ақшасын иемденген.

ІІМ өкілдері қылмыскерлерді іздестіру және хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды анықтау жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!