"Тоғысқан тағдырлар": ел сүйіктісіне айналған сериалдың актерлері қазір қайда жүр?

"Хабар" телеарнасында 1996 жылы жарық көрген "Тоғысқан тағдырлар" телехикаясы халық сүйіктісіне айналған. Ол тек Қазақстанда емес, сонымен қатар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанда да көрсетілді. Биыл сериалдың аяқталғанына 22 жыл болды. Massaget.kz тілшісі 90-жылдары қазақстандықтардың сүйікті сериалына айналған "Тоғысқан тағдырлардың" кейіпкері туралы топтама жасады. 

"Тоғысқан тағдырлар" телехикаясында 90-жылдардағы шуақты Алматы бейнеленген. Оқиға Омаров пен Платонов әулетінде өрбиді. Біреу білсе, біреу білмес, сериалды ағылшындар түсірген. Олар әрбір актерге роль ұсынбас бұрын, олардың барлық фильмін көріп шыққан. Алғашында 10-15 бөлім болады делінген телехикая 5 жыл түсіріліп, 465 серияға жететіні ешкімнің түсіне де кірмеген.

voxpopuli.kz

Гүлбибі апа

Гүлбибі апа ролін сомдаған Бикен Римова сериал аяқталмай өмірден озған. Режиссердің шешімі бойынша, Гүлбибі апа кейіпкерін алдымен ауруханаға жатқызып, кейін астанаға жібереді. 

Бикен Римова - Қазақ КСР Халық әртісі. Өмірінің соңына дейін театрда ойнап, киноға түсті. Ол Әуезов атындағы Қазақ драма театрында "Енлік-Кебекте" Еңлік, "Ана-Жер-анада" Жер-ана, "Каракөзде" Маржан рольдерін сомдаған. 

Аплотон аға

Аплотон аға ролін сомдаған Қасым Жәкібаев өмірінің соңына дейін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет атқарды. Ол шамамен 300 роль сомдаған. Сериал танымалдыққа ие бола бастағанда Қасым Жәкібаев халық арасында "ата" атанып кеткен. Қасым Жәкібаев 2011 жылы дүниеден өтті. 

 Тимур Сабыров

Сериалдағы басты кейіпкерлердің бірі, мафия басшысының ролін Сағи Әшімов ойнады. Тимур Сабыровты ойнаған актер небәрі 38 жасында көз жұмды. Қайтыс болмастан бұрын өзінің әріптесі Жанна Қуанышеваға хабарласып, жолай алып кететінін айтқан. Өкінішке қарай, актер түсірілім алаңына жете алмай кетті.

Мадина Омарова 

Басты кейіпкер Мадина Омарованы сомдаған Венера Нығматулина сериал сәтті аяқталған соң, танымал бола түсіп, бірнеше фильм мен сериалдарға түсті. Сондай-ақ, актриса "Шәкен жұлдыздары" халықаралық кинофестивалінің негізін қалады. Бірінші күйеуі Талғат Нығматулин қайтыс болған соң, 90-жылдары дзюдодан спорт шебері Руслан Самарханұлына тұрмысқа шықты. Одан екі ұл дүниеге әкелді. Қазір ол ұлдарымен ел аралағанды ұнатады. 

Камила Омарова

Суретші Камила Омарова болып ойнаған Ирина Әжмұхамедова сериал аяқталғаннан кейін бірден "Қара шегіртке" сериалына түседі. Алайда Иринаның киноәлемінде жолы онша болмады. Кейінгі жылдары ғана актриса көрермен назарына оралды. Оны Әсел Сәдуақасованың "Кластастар" фильмі мен отандық телехикаялардан көре аламыз. Актриса әже атанып та үлгерді.

Глеб Платонов

Ал Алексей Шемес сериал аяқталған соң 80-нен аса кино мен сериалдарға түсіп үлгерді. Қазір Алексей актер ғана емес, сонымен қатар режиссер. Ол кейінгі жылдары Шымкент театрында түрлі қойылымдар қойып жүр. Биыл Шымкенттегі орыс драма театрында оның "Кішкентай трагедиялар" қойылымы сахналанды.  

Гаухар Сұлтанова

Жасаған қателігінен тез арылғысы келетін адвокат Гаухар Сұлтанованың ролін Гүлнар Дусматова ойнаған. Актриса сериалдан кейін киноға түсуін тоқтатпады, оның үстіне, түрлі телебағдарламаларда жүргізуші болды. Кейін "Екі жұлдыз" жобасына қатысып, тіпті "Апашки" тобының солисі болды. Қазір ол "Таңғы студио" бағдарламасының жүргізушісі.

Сапар

Бақтияр Қожа тергеуші Сапардың ролінде ойнады. 30 жыл ішінде 100-ден аса кейіпкерді сомдаған. 1993 жылдан бастап Әуезов атындағы драма театрында қызмет етеді. Бақтияр Қожа да "Тоғысқан тағдырлардан" кейін "Қара шегіртке" сериалына түсті. 

Жанна Сабирова

Жанна Қуанышова сериалда Жанна Сабированы сомдады. Ол басты кейіпкер Тимурдың әйелі болды. Актриса сериалда жағымсыз ролде ойнайды. Ол бұл роліне дейін жағымсыз кейіпкерді сомдап көрмеген. Қазір актриса түрлі кино мен сериалға түседі. Оның үстіне, "Қазақфильм" киностудиясының сараптамалық кеңесінің мүшесі, Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының "Кино актері" бөлімінің меңгерушісі.

 Жоха

Жиһангер (Жоха) ролінде ойнаған Ғани Құлжанов бұл сериалға алғысы шексіз екенін айтады. Сериалдан кейін актердің тасы өрге домалаған. Шынында да, актер сериалдан кейін бірнеше марапатқа ие болып, фильмдерде басты ролде ойнаған. Қазір ол 2013 жылдан бері "Астана Жастар театрында" қызмет етеді.

"Түсірілім басталғаннан кейін үш ай өткен соң, менен қолтаңба сұрай бастады, содан кейін бұзақылар да менен қорқа бастады", - дейді актер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!